Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 05:25
  • Күн 06:54
  • Бесін 13:24
  • Екінті 17:45
  • Шам 19:45
  • Құптан 21:15
  • 29
  • наурыз

    сәрсенбі

  • 1
  • Раджаб

    1438

Есей Жеңісұлы: Қажылық

  • 568
  • 0
  • 29.09.16

Виза сапарымызға 4 күн қалғанда дайын болды. Оған дейін көп ешкімге айтпауымыз қажет екенін сезіп жүрдік, бірақ отыз тістің арасынан аңдаусызда шығып кете берді.

Әуелде күнделікті тірлікпен, бітпейтін ит-ырғылжыңмен жүріп, бұл күннің сонша тез келе қалатынын өзіміз сезбеппіз. 
Сонымен, қажылық сапары!

Оған дайынмын ба? 

Міне, осы сұрақ кетер күн таяған сайын көлденеңдей берді. Иә, тілімізді кәлимаға келтірдік, бірнеше жылдан бері ораза тұтып жүргеніміз де рас, ораза айты жақындағанда шамамыз жеткенше зекет те беріп қоямыз. Намазды қиынсынатынымыз өтірік емес: бітпейтін қырық сылтау, тіршіліктің ығы, «әйтеуір бір оқимын ғой» деген керітартпа жұбаныш...  Сөйте жүріп, ара-арасында «қажылық деген қандай болады екен?», «оны өтеуге мұсылмандығы кемел жандар ғана барады-ау» деп іштей қорқып, оны ойымыздан алыстатып, бірақ бәрібір жүрек түкпірінде барғымыз келетінін мойындап өмір өтіп жатқан-ды... Сөйтіп жүргенде, «Асыл арнаның» бас продюсері Ерлан Әбдірұлы күтпеген ұсыныс жасап кеп қалсын...
Есімде. Ерлан екеуміз Қонаев – Жібек жолы көшелерінің қиылысындағы түрік кафесінен түстендік. Әлдебір жоба бойынша жұмыс істеуге бұрынырақ ке­ліскенбіз. Қашанғы әдет бойынша соны кешеуілдетіп, Ерланға уәдені үйіп-төгіп жүрген күндер еді. «Әй, соны сұраса, ештеңенің дайыны жоқ-ау» деп отырғанымда, Ерлан «қажылыққа барасыз ба?» деп дүңк еткізсін... Шынымды айтайын, тілім таңдайыма жабысып қалды. Біраз уақыт өз-өзіме келе алмай отырып қалдым. «Лайық емеспін ғой» деген бір ой ызыңдап тұрып алды, тұрып алды. Ерекең де сабаз екен, асықпай күтті. Мен қызарып-қабарып, басымды қасып, шашымды жұлып тарап, сабама түсуіме дейін аял қылды да, «бару керек» деп тұжырды. «Барамын!» дедім сеніммен. Сөйтіп, мұсылманның бір парызын орындау мүмкіндігі туды.

 

«Алла қажылыққа өзі шақыра­ды»

 Міне, осы сөз Алматы әуе­жайы­нан нән ұшаққа мінген сәттен санамда сазын төкті де тұрды. Көзіме жас келді. Сапарластарыма байқатпаған сияқтымын. Олардың жағдайы да менікінің ар жақ-бер жағы шығар-ау... Әуежайда киіп алған ихрамымыз әуелде берекемізді алғандай көрініп еді, артынша бой үйрете бастадық. Қажылық шарты бойынша, миқатқа (қажылық басталатын аумаққа) мұсылман осы ихраммен келуге тиіс. «Лайон» компаниясының алып кемесі Алматыны қанатының астына төсеп батысқа бет түзегеннен-ақ тәлбия айтуды бастап кеттік. Тілім күрмеліп, сапарлас жігіттердің айтқанына ілесе алмай отырған сияқты едім, бір кезде қарасам, даусым жарқын-жарқын шығып, таңдайым тақылдап барады! 
Жидда әуежайына түн орнағанда келіп қондық. О, тоба! Аэробустың жерге табан тигізгені мүлде білінген жоқ. Алып ақ құсқа талай рет мініп-түстік қой, бірақ сипай келіп қонғанын сезіп тұрғаным осы. Сапар басы жақсы басталды, шүкір! «Я, Алла, мен сенің алдыңдамын. Міне, сенің алдыңдамын. Барша күнә-кемшілігімді мойындап келіп тұрмын» тәлбияның осы сөздері бұл кезде ерін ұшынан ғана емес, жүректен де шығып жатты. 

 
Меккеге қалай жеткенім есімде жоқ

Түн ортасынан ауып кетсе де, Жидда әуежайы қапырықтан өртеніп тұр екен. Кеден бақылауынан өткенше үш сағатты тауысып жеп қойдық, одан келіп автобус күткеніміз бар, өле шаршаппыз. Меккеге кіріп келе жатқанда бір-ақ ояндық. «Гранд Резиденс» қонақүйі дайын екен, алты жігіт қоңсы қонып, дереу ұйқыға кеттік. 
Кіші қажылыққа бізді «Асыл арнаның» атқарушы директоры Артықбек Болғанбаев бастап бар­ды. Іш алай-дүлей. Артықбектің түсіндіруіне құлақ қойып-ақ тұрмыз, бірақ қорқыныш басым. Әне, «әл-Харам» мешіті! Міне, Қағба! Тұлақ бойды тоқ соғып жа­тыр. Артықбектен адассақ, өмір бойы адасатындай алға жандәрмен ұмтыламыз. Қара тастың бұрышынан тәуапты бастап кеттік. Жеті айналымды да жақсы аяқтадық. Аузымыз күбірлейді, дұға-тілектер ақтарылып жатыр. Екі рекеғат тәуап намазынан соң Сафа-Мәруа төбелерінің арасында жеті мәрте сағи жасадық. Одан шығып, шаш қысқарттық. Алла қабыл көрсе, умраны аяқтадық.

 
Қасиетті Қағбаның атмосферасы керемет екен! 

 Бөлмеге келгесін аузымызға сөз түспей, тамсанып отырып қалыппыз. Тікелей эфирде «әл-Харам» мешітін 24 сағат үздіксіз көрсетеді екен. Соған қарап отырып, әр бұрышынан қалай айналғанымызды, қай айналымда қай тұсқа барғанымызды айтып біраз отырдық. Тағы барғым келді. Бәрінің тағы барғысы келіпті. Сосын түсіндік: Қағбаны бір көрген адам қайта баруға құмарта береді екен!

Аманхан аға Нұр тауына баруға ұсыныс жасады. Ертеңіне бағдарламадан тыс болса да, Жәбәл ән-Нұрға тартып кеттік. Ойпыр-ай, шығудың қиыны-ай! Қолдан жасалған тепкішектерді санап басып өрлей бердік, өрлей бердік. Пайғамбарымызға (ғ.с) алғаш уақи түскен Хира үңгірі көз алдымызда тұр. Талмағанымызға, шаршасақ та жеткенімізге ризамыз. Көз алдымызға неше сурет келді. Хира үңгірі қалтарыста екен. Тура таяған тұста апаш-құпаш қойтастар мен жартастар мінгесіп жатыр. Арғы жағындағы адамдарды көрмесек, жол жоқ дер едік. Кісі әрең сыйып өтетін қуыста екі жол бар болып шықты. Үңгір сәл ғана қуыс, ішіне бір адам жантайып, екінші адам еңкейіңкіреп әзер сыяды. Кезегіміз келгенде екі бас сәлемдесу намазын оқып, зиярат еттік те, елімізге, Отанымызға бар жақсылық тілеп, кері жолға түстік.
Содан кейін зүлхиджа айы басталғанша «әл-Харам» мешітінің тұрақты тұрғынына айналдық. Таң намазы алдында жетіп аламыз да, әуелі үстіңгі қабаттардан адамдар нөпірін тамашалаймыз. Шынында да, құдірет! Азан шақырылып, одан соң қамат айтылған уақытта мешіттегі мың-миллион адам құдды бір командаға бағынғандай намаз оқуға кіріседі. Бойыңды керемет күш кернейді осы кезде. Үшінші күні Қағбадан 30 метр қашықтықта намаз оқығанымызға қуанып едік, төртінші күні тура іргесінде намазға жығылдық. Намаз біте салып адамдар Қағбаға ұмтылады екен. Біз де сөйттік. Қолымызды қабырғасына тигізген сәтте мына әлем, адамдар, адамдар арасындағы өкпе-реніштер, ит-ырғылжың тіршілік, алдасу мен арбасу – бәрі ұмытылды. Бір ғажайып күй кештік. 

 

Үлкен қажылық басталған күні тағы да алабөтен күйге түстік. Тағы да ихрам киіндік. Мина жазығындағы шатырлар шынында да қонақүйден олқы. Бірақ риясыз, шын ниетпен келу керек. Солай істеуге тырыстық. Ымырт үйіріле шатыр сыртындағы төбеге көтерілдім. Иә, біздің жақтың тауларын жаңбыр мен жел мүжитін еді. Мұнда күн ғана мүжиді екен. Арса-арсасы шыққан тау ішіне талай сырды бүгіп мүлгіп жатыр. Біз ғой, шатырдамыз, ал тауда қара жерге төсеніш төсеп, өз беттерінше қажылық парызын орындауға келгендерге қарап тұрып тағы тәубе айтады екенсің. Оларда біздің жағдайдың ширегі де жоқ. Тау жамылып, тас жастанып жатыр.


«Нағыз қажылық – Арафа»

Мұхаммед (ғ.с) айтқан осы сөз санамызға мықтап орнапты. Аллаға зі­кір айтып, елге, Отанымызға, отба­сымызға, барлық жақын-жуықтарымызға тік тұрып тілеу тілеп, шақырайған күн астындағы шатыр астында қас қақпадық. Одан соң Муздалифаға келіп, тақыр жерге түнедік. Өлі мен тірінің арасындағы бір күй. Өлі дейік десек, кеудемізде жан бар. Тірі дейік десек, дүние ісі бізден мүлде алыс. Мұндағы сүннет – ұйқы. Ұйқы болғанда да, түс көрмейтін ұйқы екен. Қажылардың бәрі солай ұйықтапты. 


Мұнда кім жоқ дейсіз?! 

Әлем­нің барлық түкпірінен келген мұсылмандар қажылық парызын шын ниетпен өтеп жатыр. Түрік, түркімен, тәжік, өзбек, қырғыз, т.б. ағайындас жұртты былай қойғанда, Италия, Германия, Вьетнам, Жа­пония, Кореядан келген Мұхаммед үмбеттерін көріп, таңдай қақтық. Алла бәрінің қажылығын қабыл етсін! Бір-бірін байқамай түртіп кетсе де кешірім сұрайды, біреуі адасса, екіншісі қолынан жетелеп жүріп үйіріне қосып жібереді. Мұсылман баласының бірлігіне сүйсінеді екенсің! Әр елдегі мұсыл­ман санының он пайызына жыл сайын қажылық квотасы беріледі екен. Индонезияның 130 миллион мұсылманының 130 мыңы Меккеде жүрді. Біздің елден барған 3 мың қажы тіпті теңіз тамшысындай ма деп қалдық...
Муздалифадан жаяу оралып, Жамаратқа тас атуға да тез шықтық. Үш тауды тесіп, туннельдер арқылы барғандар мен келгендер бір-біріне қарсы ұшыраспайтындай айналма жол жасапты. Жамарат – үлкен конструкция, ғылыми жетістік. Үш күн ішінде 49 тас атып, бұл шартты да орындадық. Жамаратқа алғаш тас атқан күні Құрбан айт басталды. Біздің атаған қойларымыз сойылғаны туралы хабар жетті де, ихрамнан шықтық. Шашымызды сыпырдық. 
Алла қабыл көрсе, қажылық парызымызды орындадық. Тағы да көкірек алай-дүлей.
Қағбамен қоштасу тәуабын жасап жүргенімізде аспаннан үш-төрт тамшы тамды. Жақсылыққа жорыдым. 

 

Мәдинаға сапарлап, төрт күн бойы Пайғамбар (ғ.с) мешітінде намаз оқу бақыты бұйырғаны да көрген түстей. 
Елді сағыныппыз. Алматы әуежайында ұжымымызбен, дос­тарымызбен жылап көріскеніміз ұмытылар ма? Үйдегі мәре-сәре өз алдына әңгіме.
Қажылығымыз қабыл болсын!
Осы қасиетті сапарға қалам­герлер қауымын шақырып, пары­зы­мызды өтеуге жол ашқ­ан, өзі де қасымызда болып, көп нәрсені түсіндірген «Асыл арнаның» директоры Мұхамеджан Тазабековке, қажылықтың барлық шарттарын орын-орнымен орын­дауға қажыр-қайратын аямаған, сапарымызды бастан-аяқ ұйымдастырған «Кәусар-саяхат» фирмасының басшысы Азамат Қадыровқа, елге ыстық сә­лемімізді жеткізіп тұрған «Асыл ар­наның» тілшілері  Ардақ, Мейірхан, Жанәділ, Нұрболат, Алмас, Әділет бауырларымызға, сапарлас болған барлық отандастарымызға алғысымыз шексіз! Алла барлық жақсы ниеттеріңіздің орындалуын нәсіп етсін, азаматтар!

 Дереккөз: "Айқын"

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.