Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 05:25
  • Күн 06:54
  • Бесін 13:24
  • Екінті 17:45
  • Шам 19:45
  • Құптан 21:15
  • 29
  • наурыз

    сәрсенбі

  • 1
  • Раджаб

    1438

Жұманазар Садырханов: Қажылық - хақтың разылығы үшін қағбаға тәу етіп, хақиқатқа қанығу!


«Сәдуақас Ғылмани» мешітінің бас имамы, қари Жұманазар Садырханов: ҚАЖЫЛЫҚ – ХАҚТЫҢ РАЗЫЛЫҒЫ ҮШІН ҚАҒБАҒА ТӘУ ЕТІП, ХАҚИҚАТҚА ҚАНЫҒУ!

– Жұманазар қари, шариғат бойынша қажылық дегеніміз қандай амал? Алдымен осыған жауап берсеңіз

– Биссмиллаһир-рахманир-рахим! Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты пен сәлемі болсын! Келе жатқан қажылық маусымы мен құрбан айт мерекесі құтты һәм берекелі болғай! Қасиетті сапарға аттанған қажыларымыздың ниет пен амалдары қабыл болсын! «Қаж» сөзі араб тілінде «айырықша ниеттену, жөнелу, ұласу» мағыналарын білдіреді. Ал, «қаж» сөзінің шариғи мағынасына келер болсақ, алдын-ала белгіленген уақытта тиісті діни амалдарды орындау үшін Қағбаға бет түзеп, Хақтың разылығы үшін қасиетті мекенге сапарлауды айтамыз. Яғни, арафат пен Құрбан айт (Рамазаннан 70 күннен соң) мезгілінде тиісті мекендерде (Арафат, Қағба) шариғатта бекітілген құлшылық амалдарын орындау – мұсылманның қажылық уәзипасын өтеуі болып саналады. Қажылық – сахих деректерге қарағанда хижраның тоғызыншы жылы парыз болып бекіген. Тәпсірші ғұламалар бірауыздан (жумһур) қажылықтың парыз екенін білдіретін Құран-Кәрімдегі: «Оның жолында шамасы келген кісілер Алла үшін Қағбаны зиярат етуі керек» (Әли-Ғимран, 97) деген аяттың осы мезгілде нәзіл болғанын баяндайды. Алла Елшісі (с.а.у) бұл аят нәзіл болғаннан кейін бір жылдың ішінде алғаш рет сахабаларымен бірге қажылық сапарын өтеген. Осы уақыттан бері он төрт ғасыр өтті, мұсылман қауымы әрбір жылы белгіленген уақытта қажылық парыздарын өтеуге қасиетті мекенге сапар шегеді.

– Исламнан бұрын қажылық болған ба?

– Ең алғаш рет қажылық жасаған Адам ата мен Хауа ана болып саналады. Олар жер бетіне түсірілгеннен кейін Арафат тауында жолыққан. Бұл таудың «Арафат» аталу себебі, «арафа» ара тілінде «білу», «тану» дегенді білдіреді. Олар екеуі жолыққанда бір-біріне «танисың ба» деп айтқан көрінеді. Арафат тауының атауы осыдан шыққан. Алла Тағала Адам ата мен Хауа анаға Мекке жерінен Қағбаны салуды бұйырып, олар Жәбірейіл періштенің көмегімен жер бетіндегі тұңғыш ғибадат үйін тұрғызады. Бұл туралы Құран-Кәрімде: «Негізінде адам баласы үшін Меккеде алғаш құрылған (Қағба) бүкіл әлемге мүбарак және тура жол» (Әли-Ғимран, 96) деп баяндалады. Сосын Адам ата мен Хауа ана Қағбаға тәуап жасап, қажылық жасайды. Нұһ пайғамбардың дәуіріндегі Топан су кезінде періштелердің Қағбаны жеті қат көкке көтеріп әкеткендігі айтылады. Кейін Алла Тағаланың бұйығымен Ибрахим пайғамбар баласы Исмайыл екеуі қазіргі Қағбаны қайта тұрғызады. Құрылысты аяқтаған соң Қағбаға тәу етіп, сонда намаз оқиды. Бұл туралы Алла Тағала қасиеттi Құран-Кәрімде: «Ибраһимнiң (с.а.у.) орнын намаз орны етiңдер» («Бақара» сүресi, 125 аят) – деп бұйырған.

– Осы Қағбадағы қара тас туралы не айтасыз?

– Ибраһим пайғамбар мен баласы Исмайыл Қағбаның төрт қабырғасын көтеріп болған соң тәуап жасайтын бұрышты жасамақ болады. Сол кезде Жәбірейіл періште жұмақтан (Хажар әл-Асуад) аппақ тас алып келіп, оның орнын нұсқайды. Діни деректерде жұмақтан әкелінген бұл тастың кейін келе күнәһар пенделердің қолы тигендіктен қарайып кеткендігі айтылады. Қара тастың жұмақтан әкелінгендігі туралы Алла Елшісі (с.а.у) өз хадис-шарифінде: «Расында Қағбадағы қара тас жұмақ жақұттарының бiрi. Қиямет күнi оған Алланың құдiретiмен көз және тiл бiтiп, ол өзiне тәу еткендерге куәлiк береді» – дейдi. Яғни, қасиетті Қағбадағы Хажар әл-Асуадқа тәу ету – жұмақты аңсап, Ұлы Жаратушыға мойынсұну болып табылады.

– Қажылық пен умраның қандай айырмашылығы бар?

– Алла Тағала Құран-Кәрімде: «Алланың разылығы үшін қажылық пен умраны толық орындаңдар» (Бақара, 196) деп бұйырады. Осы аятта қажылықпен бірге «умра» сөзі қатар өткендіктен, шафиғи және ханбали ғұламалары умраны уәжіп амалға жатқызған. Ал, мәлики және ханафи ғұламалары Құран-Кәрімдегі: «Адамдарды қажылыққа шақыр» (Хаж, 27) деген аятты негізге алып, қажылықты жоғары қойып, умраны сүннет деп біледі. Ханафи ғұламалары қажылықтың умрадан жоғары парыз амал екендігіне Алла Елшісінің (с.а.у): «Ислам бес нәрседен тұрады: Алладан басқа тәңір болмағанына, Мұхаммедтің Оның елшісі екендігіне илану, бес уақыт намаз оқу, ынты-шынтымен зекет беру, Рамазанда ауыз бекіту және Қағбаға қажылық жасау» (Бухар, Муслим. Абдуллаһ бин Омар риуат еткен) деп айтқан хадисін негізге алады. Жалпы, қажылық шариғаттағы бесінші парыз амалға жатады. Жағдайы келген мұсылман өмірінде бір рет орындаса қажылық уәзипасынан құтылған болып есептеледі. Бұл жөнінде хадисші Муслим мына хадисті жеткізеді: «Алла Елшісі (с.а.у): «Уа жарандар! Алла сіздерге қажылық жасауды парыз етіп бекітті. Демек, қажылықты орындаңыздар». Сол кезде, бір мұсыдман: «Уа Алланың Елшісі (с.а.у)! Қажылықты әрбір жылы орындаймыз ба?» деп сұрады. Алла Елшісі (с.а.у) үнсіз қалды. Әлгі мұсылман үш дүркін сұрады. Сосын барып Алла Елшісі (с.а.у): «Егер, «иә» десем онда сөзсіз қажылық парыз болып, онда оған сіздердің шамаларыңыз жетпейтін еді» (Найлул-Әфтар, ІV, 279). Дәл осы хадисті ибн Аббас та жеткізіп, Алла Елшісіне (с.а.у) қажылық туралы сұрақ қойған сахабаның Акраб Хабиси екенін айта келіп, хадисті: «Кімде-кім қажылық жасаудың санын көбейтсе, онысы нәфила құлшылығы саналады» деп аяқтайды.

– Қажылықты жылда жасауымыз керек пе?

– Байхақи мен Ибни Хиббаның жеткізген деректеріне қарағанда жағдайы келген мұсылман әрбір бес жылда қажылық парызын орындауы қажет. Бұл жөнінде әл-Худри: «Алла Елшісі (с.а.у) бұйырды: «Әзиз әрі ұлы болған Алла-Тағала: Егер, дені сау, байлығы мол бір құлымның әрбір бес жылда зиярат жасамауы сөзсіз харам» деп бұйырады деген хадисті жеткізген. Яғни, кейбір ғұламалардың (шафиғи мен ханбали мәзһабы) пайымдауынша денсаулығы мығым, материалдық жағдайы жақсы мұсылманға әрбір бес жылда қажылықты өтеп тұру мәндуп саналады. Егер, денсаулығы һәм жағдайы бола-тұра бес жылда бір қасиетті сапарға шықпаса, онда ол мұсылман мол сауаптан қағылуы бек мүмкін. Дегенмен, көпшілік ислам ғұламалары қажылықты өмірінде бір рет өтесе, онда бұл парыз амал орындалды деп қабылдайды. Бір реттен кейінгі орындалған қажылықтар нафила амалына жатады деп есептейді. Бұл туралы Алла Елшісі: «Қажылық пен умраны жиі-жиі жасаңыздар. Өйткені, бұл амалдар көріктің темір, алтын, күмісті тазалағаны сіздерді кедейлік пен күнәлардан сақтайды. Ал, мабрур қажылықтың сауабы тек жұмақ» (Ибн Мажа, Хаж) деп бұйырған. Яғни, Алла Елшісі (с.а.у) бұл хадис-шарифте умра мен қажылықты (мабрур қажылық) бөліп көрсетіп, умра құлшылығының кедейлікке ем,

– Қажылық кімдерге парыз, кімдерге парыз емес?

– Фиқһ кітаптарында қажылықты өтеушінің мұсылман болуы, кәмілетке толуы (ақыл), басы азат болуы (құл емес), қажылықты өтеу үшін денсаулығы мен байлығы және қауіпсіз болуы шарт ретінде бекітілген. Басы азат емес, ақыл-есі кеміс, сырқат-мүгедек, қажылық жасауға жағдайы жоқтарға және жас балаларға қажылық парыз емес. Сондай-ақ, адал емес ақшамен қажылық жасау харам, қарызы бола-тұра немесе қарызға кепіл бола-тұра, көмекті қажет ететін ата-анасы немесе ата-әжесі бола-тұра қажылық жасау мәкрұһ саналады. Әлбетте, бұл мәселелерге қатысты мәзһаб ғұламаларының арасында өзара талас-тартыстар бар. Мәселен, ханафилер мұсылман емес адамға қажылық парыз емес деп үкім берсе, шафиғилер муртадқа (исламнан бас тартушы) қажылық парыз деп біледі. Кейбір ғұламалар (ханафи) кәмілет жасына дейінгі жасалған қажылықты нәфила амалына жатқызса, келесі бір ғұламалар (шафиғи, ханбали, мәлики) уәлимен бірге жасөспірімнің жасаған қажылығы қабыл болады деп есептейді. Сол секілді кейбір ғұламалардың пікірінше басы азат емес құл қажылықты өтей алмайды, келесі бір фуһақаның үкімінше құл иесінің рұқсатымен қажылық жасай алады. Сонымен бірге, ханафи ғұламалары қажылық жасау үшін денсаулығы мен байлығы және қауіпсіздіктің болуын шарт қылса, өзге мәзһаб ғұламалары осы шарттың алғашқы екеуін ғана қабылдап, қауіпсіздік мәселесіне қатысты әртүрлі пікір білдірген. Яғни, қажылық мәселесінде осыған ұқсас көптеген үкімдер бойынша мәзһаб ғұламаларының арасында әртүрлі көзқарастар орын алған.

– Қасиетті Қағба орналасқан Мекке қаласын «бейбітшілік мекені» деп жатады. Не үшін олай айтылады?

– Иә, ол жер бейбітшілік мекені саналады. Бұл туралы Құран-Кәрімде: «Кезiнде үйдi (Қағбаны) адамдар жиналатын орын және тыныштық мекенi етiп бердiк» («Бақара» сүресi, 125 аят) – деп бұйырылған. Алла Елшісі (с.а.у) Меккенi фатх еткен кезде: «Шынтуайтында, Хақ Тағала бұл жерді көк пен қара жердi жаратқан күннен бері Харам деп бекiткен. Бұл жер Алланың Қиямет қайымға дейiн Харам саналады. Көгерiп, бүршік атқан өсiмдiгi жұлынбайды, жан-жануары ауланбайды, үркiтiлмейдi. Түсiп қалған бұйымды иесінен өзге ешкім алмайды...», – деп ескерткен. Араб тілінде «харам» сөзі «тиым салынған» мағынасын білдіреді. Меккені харам дейтін себебі, бұл жерде жаман iс-қылыққа түгел тиым салынған деген сөз. Қажылық парызды орындаушы мұсылман үстіне ихрам атты киім киеді. Ихрам киген адам жаман іс-қылық жасамақ түгілі көңіліне жаман ойды алмауы керек. Қажылық жасаушы мұсылман Қағбаға тәуап жасау арқылы ішкі жан-дүниесін пәктікке суарып, бейне періште күйге бөленуі тиіс. Бұл туралы Алла Елшісі (с.а.у.): «Кiмде-кiм жаман сөз айтпай, бұзақылық жасамай осы үйдi (Қағбаны) қажылық етер болса, жаңа туған сәбидей күнәдан пәк болады» дейді. Яғни, Меккедегі Қағбаны күллі мұсылман баласының бір-біріне мейрімін төгіп, елжіреп қарайтын қасиеті ордасы десек қателеспейміз.

– Қазақ халқынан алғаш болып қажылыққа кімдер барған?

– Бұл туралы кесіп-пішіп біреңе айту өте қиын. Тұщымды пікір айту үшін тарихи деректерді көбірек зерделеу керек сияқты. Десе де, халқымыз «қыпшақ», «түркі», «қарлұқ», «қарақан» атанып жүрген тұсында исламды қабылдағаны белгілі. Қажылыққа сол кезеңнен бастап бара бастаған деп топшылауымызға болады. Ал, нақты тарихи деректерге келетін болсақ, әл-Холидің жеткізуіне қарағанда Алтын Орданы ханы Беркенің Мысыр билеушісі Сұлтан Бейбарысқа 1264 жылы өзінің атынан бәдел қажылық жасауға елшілер жіберіп, олардың кіші қажылықты өтегендігін жеткізеді. Сондай-ақ, ауыздан ауызға жеткен аңыздарда Едіге бидің де бәдел қажылық жасауға Меккеге қосын аттандырғаны айтылады. Одан бертінде өмір сүрген Әнет баба, Құнанбай, Тұрмағамбет датқа, Майлы қожа, Шәкәрім және т.б қазақтың игі жақсылары қажылыққа барған. Бұл тақырыпты әлі де тереңдете зерттеуіміз керек.

– Тағылымды сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан: «Sunna.kz» діни-танымдық ақпараттық порталының қызметкері

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.