Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 05:25
  • Күн 06:54
  • Бесін 13:24
  • Екінті 17:45
  • Шам 19:45
  • Құптан 21:15
  • 29
  • наурыз

    сәрсенбі

  • 1
  • Раджаб

    1438

Сәдуақас қажы Ғылмани мұрасы

СӘДУАҚАС ҒЫЛМАНИ

(1890-1972)

Сәдуақас Ғылмани – көрнекті қоғам және дін қайраткері, аудармашы, хадисші, ақын. Ол – Ерейментау өңірі, Ақмола қаласы мешіттерінің алғашқы имамдарының бірі. Қайраткер 1952-1972 жылдары Қазақстан қазиятының қазиы, сондай-ақ Орта Азия және Қазақстан діни басқармасының мүшесі қызметін атқарды. Ағартушы 70-жылдары «Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы» атты кітап, 110 мыңға жуық сөзді қамтыған «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік», «Ел аузынан жиған-тергендер (би-шешендер мұрасы)» жинағын даярлады. Құран-Кәрім аяттары мен хадистердің қазақша тәфсірлерін, мәуліт өлеңдерін, діни сауалдарға жауаптар мен діни уағыздарды да әзірледі. 14 тараудан тұратын әйгілі «Кәлила мен Димнаны» қазақшаға аударды. Қазақстан Ғылым академиясының тапсырмасымен әл-Фараби шығармаларын араб тілінен тікелей қазақ тіліне аударуға атсалысты.

Қайтар алдындағы өсиетіне қарағанда, ол «ислам діні туралы 42 кітапша жазған, «Кәлила мен Димна» аудармасын 1958 жылы Ғылым академиясына тапсырған, Олжабай Нұралыұлы екеуі Л.Толстойдың «Адамның ақыл парасаты» атты еңбегін өлеңмен аударған».

Әрине, дәл бүгін жалпы Қазақстан қауымы үшін жоғарыдағыдай көл-көсір мұра қалдырған тұлғаның аты мен заты аса танымал емес. Дей тұрғанмен дін, руханият тарихын жіті білетін азаматтар «Сәдуақас Ғылмани» десе, елең ете қалады. Өйткені, олар үшін С.Ғылмани – ХХ ғасырдағы ұлт рухани ізденісінің, діни талабының әрі жарқын үлгісі, әрі «ақтаңдағы».

Жасырып не керек, осы «ақтаңдақ» ұғымы бізге солтүстік көршімізден келді. Патша тұсында гранкасы теріліп қойған кітапты да сүзгіден өткізетін цензорлар болған екен. Солар жаратпаған жерлер кейін кітап шыққанда жолақ-жолақ ақтаңдақ күйінде қалатын ұқсайды. Егер осы дәстүрді кеңестік цензура да жалғастырса, біз де оны «ақтаңдақ» десек, танымға қиғаштық тудырмайды.

Сәдуақас Ғылманиға қатысты «ақтаңдақ» екі бағдарда аңғарылады.

Бірінші, егер біз оның шығармашылығын толық қалпына келтіріп, жүйелеп, талдап, халыққа лайықты ұсына алсақ, қазақ әдебиеті тарихындағы аса трагедиялы әрі идеологиялық таптауырындыққа ұрынған 30-жылдар мұрасын жаңа қырынан таныған болар едік. Бұдан да түсінірек етіп айтсақ, С.Ғылмани туындылары 1929-1930 жылдары ұсталып, ойындағысын айта алмай кеткен Алаш арыстарының арман-аңсарын жеткізеді. Отандық әдебиет тарихының тұтас бір кезеңіне сәулесін түсіреді: үзілген жерді жалғайды, кемді толықтырады.

Екінші, С.Ғылмани қайраткерлігі ХХ ғасырдың өн бойындағы Қазақстан діни жолының ізденісі мен іркілісін, қапалығы мен қателігін, өрісі мен терісін байыптатады. Әйтпесе, тұтасқан атеистік қоғамда отырып діни пайым айту немесе сұхбат пен мәмілеге келу қай тараптың ұпайын түгендейтіні түсінікті.

Қазіргі энциклопедияларда және журналистер жазып жүрген таныстырылымдарда С.Ғылманидың туған жылы «1890» деп көрсетілген. Өзі «Өмір тарихында»:

Жылым – қоян туған жыл жарық көріп,

Айтылған сөз атадын есептеліп.

Қай жұлдызда туғаным ұмытылған,

Жазылмаған сызықта көзге ілініп,

дей отырып, әке-шешесінің «сүт суалтар кенжесі болғанын» айтады. Бүгін біз тұтынантын григорян күнтізбесіне салсақ, 1890 жылдан кейінгі 1891 жыл – қоян жылы екені айқындалады (наурыз – жыл басы, сондықтан қалыптасқан дата дұрыс) .

Барлық деректерде, ұрпағының естеліктерінде Садуақас Ғылманидың Ақмола облысы Ерейментау маңындағы Малтабар ауылында туғандығы көрсетілген. 1972 жылы 24 сәуірде Алматы қаласында қайтқан. Сүйегі Кеңсай зиратына жерленген. Ақын мұрасын жинастыруға атсалысып жүрген Тасмағамбет Тәлімұлы тапқан бір суреттің сыртына 70-жылдары Садуақас ақсақал өз қолымен араб харпінде:

Мен қария – сексеннен асқан Сәкен,

Еркелетіп атапты мені әкем.

Шын атым азан айтқан - Сағырақадыр,

Туғанмын Ерейментау өсіп-жеткен,- деп жазыпты.

Сондай-ақ өмірбаяндық жырдан Садуақас анасынан 11 жаста айырылғанын, алғаш араб тілін өз бабасынан үйренгенін, сонан кейін Шарықты жайлауында Байдүйсен қазіреттен сабақ алғанын, 14 жасында «бала молда» атанып, Тасбақа, Өмірзақ ауылдарында шәкірт оқытқанын, 15 жасында бұрынғы оқуына көңілі толмай бір қыс Төре ауылында Айтмағамбет молдадан «Бұғар Зада», «Тұхфаны» меңгергенін, тағы бір жылдан соң Тойғанкөлдегі Төлеңгіт ауылында Ақтамақ қалпе медресесінде Бейіс досы екеуі оқығанын, осында 6 жыл болып, 3 жыл оразада «елге шығып, азырақ қаражаттық дүние құрағанын» (Құран оқып, имандылық шарасын істеп), жетінші жылы Қайлан байдың ауылында бала оқытып, қыста қайта медресеге келіп, Хекмат ғайын, молла Жәлелден сабақ алғанын жазады. Сондай-ақ 24 жасында ауыл-аймақ ақсақалдарынан разылық батасын алғанын, Аққозы ауылында 3 жыл бала оқытқанын, сөйтіп өзі айтқандай «надандық салдарынан» 1916 жылғы көтеріліске киліккенін («Әлекке кездестірді қараңғылық / Айтқанға тіл алмадық соңына еріп / «Күлің көкке ұшады» десе дағы / Жүре берді «айтақ» деп мазақ қылып), жазалаушы әскердің сойқанын өз көзімен көргенін, сол шамада Қусаққа жасырынып кіреші боп Екібастұзға астық тартқанын, 1917 жылы орыс әскерінің тағы да қырғынын көргенін, сол шамада туған апайы Мәпеннің (өзінен 4 жас үлкен) аурудан қайтқанын (бақұлдасады), атыс-шабыста біраз ағайын-туыс, құрбы-достан айырылғанын айтады. Әсіресе, осында орыс солдаттары атып өлтірген туған ағасы Мұқанның қайғылы хәлі көз жасымен жазылған. Жас діндар имандылық кетіп, имансыздық орнаған заманда кісіні кісі аямайтынын өкінішпен ауызға алады. Әсіресе, бейкүнә адамдарды ату, азаптау, тәлкекке түсіру – төңкеріс шағының негізгі сипатына айналғанын қинала пайымдайды.

ҒЫЛМАНИ МҰРАЛАРЫ

ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы ақынның 2010 жылы жарық көрген жинағына жазға алғысөзінде С.Ғылманидың қазірге қолымызда бар жыр-мұрасын былайша топтастырады:

Көңіл-күй өлеңдері: «Ылажы ыразылық», «Мінажат мұң», «Соңғы таю», «Өкіну», «Түс шайы», «Дұға», «Ғажап тұрмыс», «Уайым», «Көңілім», «Мүнәжәт», «Мешіт», «Елестейді көзіме», «Өткен күнді жоқтау зары», «Тілекті мұңы», «Арманды ойы», «Зары», Жұмбақ із», «Сәлемдеме орнына арналды мыналарға», «Саналыға», «Ескерткіштің тізбегі», «Жұмбақты ақыл», «Көз көргенге ризалық», «Пендешілік зарым», «Ауырлық басқа түскен заман болды», «Ұзау себебім», «Қара күн», «Қиял-мұңның бір тарауы», «Омбы облысы Астархан жолында», «Мен не көрдім?», «Тұрмыс тоқпақ арналған», «Көз көргенге ризалық», «Әй, дүние!», «Мен не көрдім?», «Жаратылыс сырына ғажапсыну», «Кәрілік», «Өкіну».

Сюжетті немесе оқиғалық негізі бар шығармалары: «Бос кеткен бес нәрсе», «Қасас сүресінің әз аяты мен тәпсірі аудармасының мазмұны», «Әуһәл-Уәләдтің» біраз аудармасы», «Ұзақ Хадис аудармасы», «Тәпсірден бір әңгіме», «Жақсылық тану», «Бір ертегі», «Ертегіден үлес», «Бір әңгіме», «Бәни Есрайылдың үш қазысы», «Дуана мен патша әңгімесі», «Әбубәкір қазіреттің біраз жайы», «Торғайлардың қаулысы», «Дос дегеннің ұққанына», «Тарихи оқиға (көз көргендер)», «Өмір тарих», «Бір күні Ғабдүмәлік патша ағзам» (аударма), «Тәржімә хал», «Құран оқу – сауап іс»,

Насихат өлеңдері: «Құрбан айты», «Сопылар», «Үгіт», «Хадис аудармасы», «Араб өлеңдері» топтамасы, «Қорытынды», «Үгіт сәлем Б.Ж. інілеріме», «Жауыздық, қорлық туар жақыныңнан» (арабтан), «Мәуліт айы», «Дәулет, бақыт, абырой не?», «Меніңше, бақыт», «Сахар, Назым», «Мүнәжат», «Зейін ашу бәйіті».

Арнау өлеңдері: «Балаларыма», «Бір балама», «Қапанға», «Інім Қалысқа арнап туыстармен амандықпен үгіт», «Арнауым – бір досыма, ишарасы – жалпыға», «Акбар қалпеге арнадым», «Ғалымхан мен Нұрымға», «Шала белсенділерге арнадым», «Ермұқан Бүкеұлына», «Қалжың», «Жағыпар молланың әйелі өлгенде...», «Молдажанға», «Қасымтай Әбежанұлына», «Түсін бергенге», «Жанділдаға», «Мұқажанға қалжын», «Қияшқа», «Тәшмағанға», «Бір жолдасымның баласы өліп естірткенде...», «Тар тұтқында дос-жар ініме», «Шәмсөнге арналған қалжың өлең», «Олжабайға», «Ермұханға», «Әтиім үшін ғазал», «Шәкірттерімі жазғаным», «Кейбір арнаулы молдаларға».

Жауап-хат өлеңдері: «Төре ауылымен сәлем», «Жансары Мұқашұлына сәлем», «Ермұқанға, Бекболатқа», «Ескерткіш», «Екінші рет сағынышта жүректен сәлем», «Сәлем хат», «Молдажаннан», «Менен хатқа жауап», «М-дан», «Мұңдыдан мұңдыға», «Хатқа жауап», «Сәлем хат Өркенге», «Тілекті хат», «Жағыпар молланың жазғаны», «Молдажанға тілек хат», «Молдажанның жауабы», «Рахилаға тапсырындым», «Тасболат баласы Сәленге», «Қарағандыдағы бауырыма», «Ақмола стансасындағы бауырларға», «Төлештің сәлем хаты», «Тайып Шериязданұлы», «Қажытатын себептер», «Бекболаттың Ермұхан болып жазғаны», «Оған қарсы жауабым», «Бекболаттың жазғаны», «Менің жауабым», «Тағы соған», «Олжабай Нұралыұлының хатына жауап», «Қасенге тапсырындым», «Қалжың қылып Жәмилә айтады», «Құрбым Қасенбайдың маған жазғаны», «Оған менің жауабым».

Күрделі кезеңде туған әрбір шығарманы тарихи-мәдени мұра деп есептесек, Садуақас Ғылмани өлеңдерінің айтары да, берері де мол.

ҒЫЛМАНИТАНУ

ШЫҒАРМАЛАРЫ

АУДИОЛЕКЦИЯЛАР

ФОТО-ШЕЖІРЕ

МУЗЕЙ ТУРАЛЫ