Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 05:25
  • Күн 06:54
  • Бесін 13:24
  • Екінті 17:45
  • Шам 19:45
  • Құптан 21:15
  • 29
  • наурыз

    сәрсенбі

  • 1
  • Раджаб

    1438

«Нұр ғасыр» мешіті

«Нұр ғасыр» мешіті Ақтөбе қаласының сән-салтанатының келісуіне және халықтың ерекше ықыласына бөленгенуіне айтулы үлес қосты.

«Нұр ғасыр» мешіті Ақтөбе қаласының сән-салтанатының келісуіне және халықтың ерекше ықыласына бөленгенуіне айтулы үлес қосты. Ел ынтымағымен салынған ғажайып ғимарат мұсылман қауымның қуанышына айналды.

Күн сайын дерлік ағылып келіп жатқан көпшілік иманды шаңыраққа келіп жандары жай тауып жатқандай. Мешіт ішінде атқарылып жатқан игі істердің барлығы ҚМДБ-ның бақылауымен жүріп жатыр. Әр айдың қорытындысы бойынша Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына есеп беріп отырамыз. Бүгінгі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша Өкіл имамы, облыстық орталық «Нұр ғасыр» мешітінің Бас имамы Есмахан Бауыржан Қажы Әбдірашұлының бастамасымен елеулі жұмыстар жоспарланып, атқарылуда.

Ел сүйген қасиетті мешіттің іші намазхан бауырларымызбен толығып, ата дініміздің мерейі көтерілуде. Бұрын қаламыздағы көптеген адамдар жұма күндері мешіттерге сыймай, далада тұрып намаз оқитын болса,  «Нұр ғасыр» мешіті ашылғалы бауырларымыз жылы әрі әдемі таза жерде өз парыздарын өтеуге, Аллаға құлшылық етуге асыққан  жүректері  бұрынғыдан да нұрланып, дініміздің ақиқатын ұлықтауға үлкен мүмкіндік туғаны байқалады. Мұндай  шапағатты  көрініс әрбір мұсылманның көкейіне қуаныш ұялататыны рас.

Жамағатпен жүздескен шақтарда имамдарымыз бен ұстаздарымыз үнемі бауырластыққа, достыққа, ынтымаққа шақырады. Осындай ықыластан туған ниеттің нәтижесі болар, жамағатымыз  ауызбіршілікпен қауышып жатады. Бұл  бас имамымыздың, наиб имамдарымыздың және ұстаздарымыздың жүргізіп жүрген уағыз-насихаттарының жемісі. Бізбен кездескен мұсылман бауырларымыздың бірі өздерінің ішкі көңіл-қуаныштарын білдіріп – «Мен, Ислам дінінің ақиқатын түсінгелі бері, көңілім асқар биікте самғап, рухани жан тыныштығым орнады», деп айтуы шын жүректен туған ықылас екеніне қуанасың.

Әр аптаның бейсенбі күні – ер адамдарға, жексенбі күні – әйел адамдарға Бас имам Бауыржан Есмахан Қажының өзі кездесіп мұсылман бауырлардың түсінбей жүрген сұрақтарына жауап беріп, уағыз-насихат айтады. Кездесуге келген жамағат көкейлерінде жүрген сұрақтарына толыққанды жауап алып, Аллаға деген шынайы ықыластарын одан әрі шыңдағандай әсерде болады. Күнделікті дүйсенбі мен жұма күндері аралығында ақшам намазы мен құптан намазының ортасында жиналған жамағатқа Бас имам, наиб имамдар және ұстаздардың уағыз айтуы дәстүрге айналды.

Өткен жылдың қазан айында мешіт жанынан ашылған «Ақтөбе» медресесі де өз жұмысын бастап кетті. Медресе отыз екі шәкіртке арналған.

Оқу ұзақтығы 2 жыл 10 ай. Шәкірттердің оқуы үшін жан-жақты жағдай жасалған, олар медресе ғимаратында үш мезгіл тегін тамақтанады, жатақханалары жылы да жарық. Оқу бағдарламасында діни пәндер мен қатар, дүниелік сабақтары да енгізілген. Кәсіби пәннен сегіз дін маманы дәріс беріп келеді. Қаламыздың жоғарғы оқу орындарының оқытушылары сабақ өткізеді. Қазіргі таңда медреседе 12 шәкірт дәріс алуда. Алдағы уақытта шәкірттер санын көбейту көзделіп отыр.

«Әрекет етудегі мақсатқа – адам ең алдымен өзін-өзі жетілдіру сонан кейін бір үйде немесе бір қалада тұратын басқаларды жетілдіру арқылы жетеді» деп халқымыздың кемеңгері өз білімін өзге елде жетілдіріп сол білімінің нәрін отандастарына сеуіп ұстаздардың ұстазы Әл Фараби айтқандай біздің шәкірттеріміз де өздері көздеген биік тұғырлы мақсатқа халқымен бірге жетуді аңсайды. Медресені ашудағы  негізгі мақсат – ел келешегі. Әлі күнге бірқатар ауылдық жерлерде арнайы білімі бар имамдар жетіспейді. Соның әсерінен адасушылық, діннің негізін түсінбей қате түсініктер туындайды. Біздің медреседен оқып шыққан шәкірттеріміз елді-мекендерге барып имамдық қызметпен қатар, алғашқы ислам білімдерін үйретуге  ұл-қыздарымызды хақ жолына дұрыс бағыттауға көмектеседі.

Медресе жанынан ер және әйел адамдарға арналған сауат ашу курсы ашылды. Курсқа келушілердің саны күннен-күнге артуда. Қазіргі кезде 60 ер адам, 80 әйел адам дәріс алып жүрсе оның 47 әйел адам мен 45 ер адам құранды жүргізіп оқитын болды.Сауат ашу курсының негізгі бағдарламасында: құран әліппесі, тәжуид, ғылымхал дәрістері өткізілуде.

«Нұр ғасыр» мешітінен ашылған кітапхана қоры күннен-күнге толығып келеді. Кітапханамызда діни кітаптармен қатар, қазақ әдебиеті, қазақ тарихы, Пайғамбарымыз (с.а.у.) өмірбаяны баяндалған және сахих-хадистер кітаптары бар.