Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 05:25
  • Күн 06:54
  • Бесін 13:24
  • Екінті 17:45
  • Шам 19:45
  • Құптан 21:15
  • 29
  • наурыз

    сәрсенбі

  • 1
  • Раджаб

    1438

Марал ишан мешіті

Қазір Марал ишан мешіті деп аталатын тарихын ХІХ ғасырдан бастайтын көне мешіттердің бірі – Ақмешіт.

1879 жылы Тобыл өзені жағасынан бой көтерген Қостанай бас-аяғы бес-алты жыл ішінде өндіріс орындары ашылып, жан-жақтан ел жиналып, өсе келе, аймақ орталығына айналды. Қалаға мұсылмандар көптеп орнығуына орай имандылықты насихаттайтын  мешіт мәселесі қолға алына бастайды. Арақарағайдағы Мінайдар болыс өзіне қарасты игі жақсыларды Қостанайға шақырып  мешіт салу жайлы ақылдасады. Бірақ оны қалай салу керек, қанша қаражат қажет, құрылыс материалдарын, шеберлерді қайдан алдыруға болады? Жұрт содан кеңесе келе болысқа қарасты әр түтін, әр шаңырақтан бір ірі қарадан жинауға келіседі. Сөйтіп осынау игі іске Мінайдар болыс, Нұржан ақын, Кәрім, Есентай қажы, Лекер қажы сынды қазақ байлары қаржы бөліп,  елді ұйыстыруға мұрындық болады. Қостанайлық татар көпесі Әбдуәлі Яушев «жиналған малды Троицкіге жеткізіп беріңдер, мешіт салуды өз жауапкершілігіме аламын», - дейді. Дүние-мүлік Троицкіге жеткізіледі. Бұдан кейін құрылысқа қажет керек-жарақтар келе бастайды. Санкт-Петербургтен арнайы сәулетшілер, қазаннан шеберлер де келеді. Олардың жатар орны, тамағы Арақарағай болысының мойнында болады. Сөйтіп 1893 жылы Қостанай мешітінің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.

Мешіт аумағы – 844,3  шаршы метр, ғимарат аумағы – 5550 куб метр, жалпы аумағы – 821,4 шаршы метр. Биіктігі – 4, 510; бір күмбезді, бір мұнаралы, күмбезінің биіктігі – 18,890, мұнарасының биіктігі – 22,745, 1000 адамға арналған.

Аллаһ үйі 1930 жылға дейін халыққа қалтқысыз қызмет етті. Одан кейін жұмысшылар клубына айналды. Ұлы Отан соғысы жылдары онда эвакуациялық пункт орналасты. Соғыстан кейінгі жылдары кинотеатр, 1980-1991 жылдары филармония жайғасты. 1991 жылғы 1 қарашада мешіт халыққа қайтарылды. Сол жылы 70 жыл үзілістен кейін алғаш рет Құрбан айт намазы оқылды.

Мешіт күрделі жөндеуден өткізілді. 1993 жылы жүз жылдық мерейтойы аталып өтті. Бірақ мешіт ескіріп тозғандықтан, оны әуелі қалпына келтіру қажет еді. Соған байланысты жергілікті кәсіпкерлер мен арлы азаматтардың атсалысуымен мешіт қайта жаңғыртылды. Алынып тасталған күмбезі қалпына келтірілді, мұнарасы ұзартылды, іші де шариғатқа сай өңделіп, арнайы әйелдер залы, оқу бөлмелері, ерлер залына жағалай сөренгілер салынып, Алла үйі мың адам еркін ғибадат етуге лайықталып қайта жабдықталды. Бұл іс 2001 жылдың 28 қазанында аяқталды.

2002 жылы мешітке ғұлама ғалым Марал ишан Құрманұлының есімі берілді.

Мешіт жанында арнайы салынған медресе үйі бар. Бірақ қашан салынғандығы жайлы мәлімет жоқ. Бұл үйде қазір Халықтық Банк бөлімшесі орналасқан.