Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 05:25
  • Күн 06:54
  • Бесін 13:24
  • Екінті 17:45
  • Шам 19:45
  • Құптан 21:15
  • 29
  • наурыз

    сәрсенбі

  • 1
  • Раджаб

    1438

Ермек МҰҚАТАЙ: ӘР ҚАЗАҚ - ӘЛЕМНІҢ ҚАЙ БҰРЫШЫНДА ЖҮРСЕ ДЕ ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНЫҢ ӨКІЛІ

  • 653
  • 0
  • 09.03.17

– «Адамгершілік құндылықтарды насихаттауда БАҚ-тың рөлі» атты І республикалық журналистердің форумы жайлы айта кетсеңіз...  Несімен маңызды?

– Бұл форумның өзекілігі мен маңыздылығы өте зор. Бір өкілдіктің ғана емес, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қолдауымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының деңгейінде өткізіліп отырғаны да содан. Біздікі тек ұйтқы болу, бастамашы болу ғана.

Форумның басты мақсаты діни ағымдар белең алып, кімдікі дұрыс екенін біле алмай екі ұдай қалған күйдегі адамдар үшін дұрыс, нақты ақпарат көзі, діни руханияттың қара шаңырағы, бірден бір орталығы ҚМДБ екендігін жеткізу, насихаттау. Сол үшін халықты дұрыс діни ақпаратпен қамтып, игі бастамаларды насихаттайтын әрбір өкілдіктер мен филиалдардың баспасөз хатшыларын, сайт қызметкерлерінің басын бір жерге қосып, тәжірибе алмасып, ақылдасып, ой ортақтастырудың маңызы айырықша. Қастерлі Отанымыздың алға қойылған мемлекеттік мақсаттары, әлеуметтік нысаналар мен рухани межелеріміз бар. Сол мақсат-мұратқа «жал-құйрық» болсақ деген ізгі ойдан туындаған бастама еді.

Әлемдегі қалыптасқан діни жағдайды бағамдай отырып, мемлекетіміз асыл дінімізді насихаттап жеткізу үшін қаншама қамқорлықтар жасап, мүмкіндіктер беріліп, ұлан-асыр істер тындырылып отыр. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, біз де өз тарапымыздан қолдан келгенінше үлесімізді қостық.

«Қай елдің ақпараты мықты болса, сол елдің өзі де мықты» деп Мыржақып атамыз айтқанындай, біздің ақпаратымыз қаншалықты дұрыс, шынайы болса, біздің де діни жағдаймыз соншалықты тұрақты, бірізді болады. Алауыздық болмайды. Міне, осындай жан-жақты, сан салалы мүдделерді ұштастыра отырып, Қазақстанның діни ақпарат кеңістігін таза, тұнық ұстайық, жат ағымдардан, жаңсақ ақпараттардан барынша ада, өзге топтардың мүддесіне бұрмаланбаған, дәстүрімізге айналған ата дінімізді дұрыс, сауатты, бәсекеге қабілетті болған кәсіби деңгейде насихаттайық деген мақсатта өткізіліп отыр.

Еліміздің барлық өңірлерден журналистер, баспасөз хатшылары мүмкіндігінше келді. Форум аясында қарар көтеріліп, ҚМДБ-ның ақпараттық әлеуетін арттырып, халқымызды сапалы, дұрыс діни ақпаратпен қамтамасыз етудің бірқатар тетіктері қабылданды. Бұл да еліміздегі діни ахуалды жақсартып, халқымыздың тыныштығы, Отанымыздың тұтастығы үшін жасалған игі қадамдардың бірі.

– Осыған дейін де, «Ақсақалдар форумы», «Жастар форумы» өткізілді. Міне, бүгін «Журналистер форумы» өткізіліп отыр. Бұл форумдар бізге не береді?

– Ол, енді, біздің форумға құмарлығымыздан емес, сол істердің кезек күттірмейтінін сезінгендігімізден. Сол мәселенің бір ғана Шығыс жұрты үшін емес, еліміздің рухани, діни өмірі үшін де аса маңызды шаралар деп ойлаймын. Қазақ халқы, Қазақстан мемлекеті бейбітсүйгіш елміз ғой. Туымыз шетсіз-шексіз көк аспан сияқты көк түсті, яғни, көк аспан қалай жершарын орап тұрса, біздің көк тудың бейбітсүйгіштігі де бүкіл әлемді солай орап тұруымыз керек.

Елбасының қайраткерлігімен, парасаттылығымен адамзат Қазақстанды еркіндіктің, татулықтың, бейбітсүйгіштіктің платформасына айналып келеді. Сонау 90-жылдардағы Таулы Карабах,Кәшімир мәселесінен бері, кез-келген шиеленісті мәселеде Қазақстанды татулықтың, берекенің, бейбітсүйгішіктің симовлына айналдырып отыр. Біз де Елбасынан үлгі алып, Хазіретіміздің (Бас мүфти) артқан сенімін, Діни басқарманың берген мүмкіндігін пайдалана отырып, ақсақалдардың басын қосып тұңғыш рет форум ұйымдастырдық.

Ал, «неге» деген заңды сұрақ туындайды. Айтайықшы, ақсалдар деген кімдер? Елді айрандый ұйытып, берекеге шақырып, тентегін тектеп, озығын жөптеп отырған қоғамдық иниститут өкілдері. Біздер ол кісілердің алдында әлі де болса баламыз. Ал, төңірегімізде шешімін таппаған, қордаланған мәселелер де аз емес. Әсіресе, діни сауаттылық, дұрыс ақпарат беру, діни рәсімдер өткізіу мәселесінде ақсақалдардың рөлі, басшылығы, ақылшылығы, кенен кеудесі мен зейін зердесі жастар үшін, қоғамды алға сүйреу үшін ауадай қажет. 

«Балаңды ержеткенше бағасың, немерені өлгенше бағасың» деп бабаларымыз айтпақшы, ақсақалдарымызды немере және шөберелерге үлгі қылайық. Олар біздің болашағымыз, ертеңіміз. Яғни, ақсақалдар өнегесі Тәуелсіз Қазақстанның болашағы болған жастар мен өспірімдердің ұлағаты болмақ. Ол кісілерді тыңдап, құлақ құрышын қандырып өскен, тәлімін алған, тәрбиесін көрген балалар ертең Мәңгілік елдің отансүйгіштері, халқымыздың жанашыры, имани құндылықтарымыздың қамқоры болмай ма. Міне, осы тұрғыдан ақсақалдарды бір ортаға жинап, өзекті мәселелерді талқылап, ой ортақтастырып отыру - болашақты тәрбиелеудің қажеттілігі болып саналады.

Сонымен бірге, біздің кадрларымыз бара алмайтын жерлерге сол кісілер жете алады, біз кіре алмайтын орындарға аталарымыз бас сұғады, біз жете алмайтын жерлерге ақсақалдардың үні жетеді. Яғни, осы үнді еліміздің бірлігін, тұтастығын, халқымыздың рухани құндылықтарын, дініміздің имани жауһарларын насихаттау жұмысына пайдалансақ, нұр үстіне нұр емес пе. Дәл осы сияқты бұл ақсақалдар Діни басқарманың аятар сөзі, жүрер аяғы, көрер көзі, естір құлағы, жазар қаламы болса, жастар да солай. Біз сәлде шапан киіп алып, өрімдей жастардың ішінде жүре алмайтынымыз анық. Ал, ондайда белсенді, иманды, тәрбиелі жастарды өзіміздің дәстүрлі Ислам құндылықтарымен етене таныстыру арқылы, діни құндылықтар мен зайырлы құндылықтарды, жаһандану үрдісі мен ұлттық болмысымызды, әлем мәдениеті мен қазақ мәдениетін тел емген, тамыры терең жатқан, тұнық, тұмса ұлттық мәдениетімізді, дәстүрлі биік құндылық ретінде танитын жастарды тәрбиелеу - уақыт талабы.

Сол үшін оларды жиып алып, оларға жаһанданудың зардапты салдарына жұтылмауға, отансүйгіштікке, имани құндылықтарымызды шеттен емес, өз мамандарымыздан, мешіт-медіреселерімізден алуға шақырып, ескі де бай тарихымыздың тағылымынан сусындап, ұлттық құнарды бойына сіңіріп, жастардың ішінде жүргенде жат ағымнан сақтандырып, дәстүрлі имани құндылықтарды насихаттаудың маңызын дәріптеп, соған бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, Отанымыз үшін халқымыздың ұзақ мерзімді игілігі үшін жұмыс жасаудың жай-күйін ақылдасып, ой ортақтастырудың мақсатында Жастар форумын да өткізген едік.

ҚМДБ-ның жаңадан құрылған Жастар ісі бөлімінің атқарар қызметіне серпін беріп, жастардың рухани жаңарып, имани толысуы үшін бір ниетте жұмыс жасауға, жоғарыда айтқан ақсақалдар сияқты жастарды да тартудың маңызы айырықша.

Бүгінгі таңда зайырлы құндылықтар мен қатар имани құндылықтарды да терең меңгерген «сегіз қырлы, бір сырлы» қоғам мүшелерін тәрбиелей алсақ, елімізде діни тұрақтылықтың ғұмыры ұзақ, жолы даңғыл болмақ. Бір сөзбен айтқанда біз осы бастан зайырлы, дұрыс(адаспаған), дәстүрлі мұсылман интелегенциясын қалыптастыруымыз керек.

Бұл екі реткі форум да халықты дұрыс діни ақпараттармен сусындату. Яғни, мешітке қамқор болу дегендік. Бұл қамқорлық өз кезегінде мешіт құрлысына атсалысып, жыртығын жамап, жетпегенін жеткізумен қатар, мешіттің руханиятына, жамағатына, рухани, имани салада атқарар қызметіне де қамқор болу деген сөз.

– Өзіңіздің шығармашылығың жайлы бір сұрақ. Сіздің Құран Кәрімнің сөзбе-сөз аудармасы деген еңбекке тер төгіп қазақ мұсылмандарына сүбелі туынды сыйлағаныңызды білеміз. Осы еңбектің бір жаңалығы ретінде сөзбе-сөз аудармамен қатар берілген қысқаша түсіндірме Қытай жерінде өмір сүрген дін абыздары Ғазез Ақытұлы мен Мақаш Ақытұлының аударған еңбегіне негізделгенін жұрт қуана айтып жүр. Осы жағына тоқатала кетсеңіз....

– Ғазез Ақытұлы мен Мақаш Ақытұлы әйгілі дін ғұламасы Ақыт қажы Үлімжіұлының ғалым ұлдары. Қытай мен Монғолия өңіріндегі екі миллион қандасымыздың діни руханиятына әсер еткен, сол бауырларымыздың асыл дінімізді ұстануына зор ықпал жасаған діни қайраткерлері.

Біз 1990 жылы Бейжің Ұлттар баспасынан жарық көрген «Құран Кәрімнің қазақша аудармасының» елімізде жарық көруіне рұқсатнамасын ала отырып, осы ғылыми еңбегімізде мәтіндік аудармасына сілтеме жасай отырып, толықтай Ғазер Ақытұлы мен Мақаш Ақытұлының аудармасын бердік.

Мұндағы біздің мақсатымыз - біріншіден; тарихи себептермен Қазақстан териториясынан тысқары қалған қазақ жеріндегі діни ғұламалардың бар екендігін насихаттау болса, екіншіден; Бұл аталарымыздың аударма жасаудағы тілі шұрайлы, ұғынықты, жатық, мәнерлі. Сөйлеу құрау стилистикасы байырғы қазақ тіліне өте жақын, халықтық тілден алшақтамаған, құнарлы. Сондықтан да, біз бұл кітапта аталмыш Құран аудармасын өзгеріссіз бердік. Редакциялаған жоқпыз. Кітап соңына ескерту беріп, сілтеме жасадық.

Әр қазақ - әлемнің қай бұрышында жүрсе де қазақ руханиятының өкілі, қазақ ғылымының тұтынушысы, қазақ тарихының ізбасары. Сол сияқты, Отанымыздың сыртында қалып қойған қазақ топырағындағы дін қайраткерлері де біздің ғұламаларымыз, дәстүрлі дініміздің шырақшылары, руханиятымыздың жоқтаушылары. Әсіресе, Ақыт қажы әулетінің алатын орыны ерекше. Бірақ, бүгінге дейін бұл кісілер түпотанымызға танылмай келеді. Осы бір ақтаңдақтың орнын толтырсақ деген ниетте, қолымызда басқа аудармалар бола тұрса да Ғазез бен Мақаш атамыздың аудармасын жөн көрдік.

Ал, аталмыш еңбектегі сөзбе-сөз аудармасын жасағанда Халифа Алтай атамыздың, Уақап Қыдырханұлы ағамыздың, Түркия Дін істері министрлігінің білікті ғалымы Елмалылы Хамди Языр  т.б. кітаптарға көз сала отырып аудардық. Қазақ исламияты үшін, ұлтымыздың руханияты үшін, тіл мамандары мен дінтанушылар, тіл үйренушілер үшін пайдалы құрал болсын, Құран оқушылар үшін де, Алланың Кәләмі түсінікті болсын деген ниетпен тамшыдай болса да өз үлесімізді қосайық деген ниетпен осы еңбекті бастырып шығардық.

– Сіз көркем әдебиетті жиі оқиды деп естідік. Ауызекі тіл байлығыңызды аңғарып отырмыз... Қандай кітаптар оқисыз?

– Дін адамы үшін әдебиеттен алшақ кету мүмкін емес. Тарихымыздағы діни ғұламалардың қай-қайсысы болсын, халық ауыз әдебиетімен сусындап өсіп, халыққа діни құндылықтарды насихаттауда өлең, дастан жанрларын ұтымды пайданған. Абай, Шәкәрім, Ақыт, Мәшһүр Жүсіп бабаларымыздың өмірі осының айғағы. Ал, кешегі Алаш Орданың мүфтиі болған Ғұмар Қараш өзі ақын болған жоқ па.

Бұл үрдіс бүгінгі дін жанашырларына да керек! Әсіресе, халықпен жұмыс жасайтын имам, молдалардың тіл ұстартуы, сөз саптауы, сөйлеу мәнері өзгеше болғаны жөн. Кез-келген мәселені түсіндіруде шұрайлы тіл мен айшықты сөз дестесі ауадай қажет. Бір ауыз сөзбен айтқанда дін насихатында да шешендік өнердің маңызы ерекше.

Сол үшін де көңіл тартқан кітаптың бәрін оқуға тырысамын. «Абай жолы» эпопеясын оқымаған қазақ жоқ шығар. Абайды оқып өсітік. Шәкәрімді, Мәшһүр Жүсіп атамызды, т.б. қазақтың ақын-жазушыларын шама келгенінше оқуға тырысамын. Қала берді түрікше, арабша кітаптар оқимын. Бұл да сөйлеу мәдениетін жоғарлатуға көп көмегін тигізеді екен.

– Сізді жақсы танитын достарыңыз «Зуқа батыр» романын төте жазудан оқығаныңызды  айтып жүр. Сол рас па?

– Ұстазымыз Мұхаммед Шыңғыс қажы Зуқабатырұлы. Иә, мен ол кісіге өзінің тапсырмасы бойынша «Зуқа батыр» романын төте хаттан оқып, күн сайын өзіне әңгімелеп бергенім бар. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей ұстазымыздың бұл әрекеті бізді тәрбиелудегі, тілімізді ұштап, сөздік қорымызды молайтудағы бір амалы болса керек. 

– Неге?

– Имам, дін қызметкері ізденімпаз болуы керек. Тарихтан, мәдениет пен өркениеттен білімі  болмаған кез-келген діндардың дүмше болуы мұнда тұр. Өркениетті ғасырда ғұмыр кешіп жатқан біз үшін имамдардың интеллектуалдық деңгейін көтеру - заман талабы. ҚМДБ-ның да бүгінде дәріптеп отырған талаптарының бірі де осы интеллектуалдық мәселесі. Ал, ол үшін арғы-бергі тарихымыздан көп ізденіп, мол білім қайнарларынан сусындауымыз қажет.

– Бүгінде ата дініміздың тынысы ашылып, қанатын кеңге жайды деген күнде де өңірлік ерекшелікке, діни білімнің деңгейіне байланысты әрбір өкілдіктің өзінің қордаланған мәселесі бар. Өскемен өңіріндегі діни ахуал жайлы тоқтала кетсеңіз. Бастысы не жетіспейді?

– Біздің өкілдікке қарасты өңір Ислам әлемінің қиыр шығысы. Бұл жерде де Ислам өркенитінің өркендеген ошағы болған. Бүгінде бұл үрдіс өз қалпын тауып, өркендеп келе жатыр.

Өскемен өңіріндегі діни ахуалдың ең басты мәселесі - кадрдің жетіспеушілігі. Былтыр оншақты білікті жас мамандар келген. Бұл да жеткіліксіз. Осы мұқтаждықты шешу мақсатында өкілдіктің қасынан екі айлық сауат ашу, білім жетілдіру курсы ашылды. Ел ішіндегі діни білімі бар, имамдық пен молдалыққа бейімі бар азаматтарды жүйелі түрде негіздік білімдермен сусындатып, олардың діни ахуалды жақсартуға қызмет істеуге, ең болмағанда, сауатты, білімді мұсылман болуы үшін бірқатар пәндер бойынша сабақ беріліп, деңгейлерін көтеруді де көздеп отырмыз. Бұйыртса, міне, үшінші кезек шәкірттер қабылданып, курс басталды. Бұл курстарды үздік тамамдаған шәкірттер ҚМДБ-ның аттестация комиссиясынан өтіп, өкілдіктің жергілікті мешіттерінде қызметке тартылатын болады.

Бұл курсытың ашылуының өзінің мәні бар. Құдай қаласа, алдағы уақытта өкілдік қасынан медресе-колледж салынбақ. Аталмыш оқу ордасы Зайсаң өңіріндегі елге әйгілі ғұламалар шыққан «Ғизатия», «Қазақия» медреселерінен кейін үзіліп қалған үрдістің жалғасуы болмақ. Бұл туралы облыс әкімшілігімен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сүйінші сұрайтын күн де алыс емес деп ойлаймын.

– Мешіт тапшы елдімекендер бар ма?

– Құдайға шүкір, біздің өңіріміздегі өкілдікке қарасты негізгі елдімекендердің барлығында мешіт бар деп айтуға болады. Бірақ, кейбір мешіттерде мешіт құрлысының ескіруіне байланысты күрделі әрлеу, жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет. Ол да өз кезегінде қаржы мүмкіндіктерін талап етеді.  Алайда, стратегиялық маңызы бар аудандар -Шемонайха, Глубоки аудандарына үлкен, келісті мешіт соғу - бүгінгі күннің талабы. Өкілдік бұл мәселені де қарастырып отыр.

Бұл аудандар Ислам әлемінің қиыр шығысындағы маңызды аудандар болғандықтан, мұсылманшылықтың мерейін асқақтататын дәстүрлі Ислам мәдениетінің кең өркен жайғаны құба-құп болар еді.

– Салихалы сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Оразбек САПАРХАН

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.