Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 05:25
  • Күн 06:54
  • Бесін 13:24
  • Екінті 17:45
  • Шам 19:45
  • Құптан 21:15
  • 29
  • наурыз

    сәрсенбі

  • 1
  • Раджаб

    1438

БАҚ ӨКІЛДЕРІ: ДІН НАСИХАТЫНДА ЖАҚСЫ ЖЕТІСТІКТЕРГЕ ЖЕТЕРІМІЗ СӨЗСІЗ

  • 521
  • 0
  • 03.03.17

Өскемен қаласында өткізілген «Адамгершілік құндылықтарды насихаттауда БАҚ-тың рөлі» атты І республикалық журналистердің форумы діни құндылықтарды насихаттаудың түйткілді мәселелері екшеліп, ҚМДБ өкілдіктерінен келген редактор, журналистер мен баспасөз хатшылары ой ортақтастырып, тәжірибе алмасты. Аталмыш форумның мәні мен маңызы туралы діни тақырыпта қалам тербеудің қызығы мен шыжығын бастарынан өткеріп жүрген баспасөз өкілдерінің пікірін сұраған едік.  

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ, ҚМДБ-ның Павлодар обылыстық өкілдігінің баспасөз хатшысы, mazhab.kz сайтының редакторы:  

– Бұл форумның  ең басты нәтижесінің бірі ретінде ҚМДБ баспасөз хатшыларының ақпарат алмасу, насихаттауды бірізділікке қою,  діни журналистиканы жетілдіру қатарлы мақсаттар алғаш рет ортаға ұсынылды және алдағы кездесулерде жетілдіре түсуге бастама жасалды деп айтуға болады. Жалпы ҚМДБ баспасөз хатшылары, журналистер жиі-жиі басқосып пікір, тәжірибе  алмасып тұрса одан шығатын нәтижелер де көп болмақ.

Сонымен қатар, ҚМДБ-ы өзінің уағыз-насихат, идеологиялық бағыттардағы  фунцияларын жүзеге асыруда БАҚ мүмкіндігін көптеп пайдалану, соның ішінде қол астындағы баспасөз хатшыларын оқыту, біліктілік семинарларынан өткізу, білімін жетілдіру, олардың  қызмет атқаруына  қолайлы мүмкіндіктер жасап отыру (фото, видео аппаратар, диктафон тағы басқа құралдар, жұмыс бөлмесі т.б.) арқылы  міндеті мен жауапкершілігін де арттыруы қажет. Бұл мәселені назардан тыс қалдырмады десек те, әлі де кемшін тұстар бар. Кейбір өкілдіктерде баспасөз хатшысының жұмыс атқаруына қарапайым мүмкіншіліктердің өзі жасалмағаны туралы Өскеменде болған кезде әріптестерімнен естіп біліп жаттық.

Ал, осы алғашқы форумда  діни тақырыпта, соның ішінде асыл дініміз-Ислам туралы тақырыпта жазатын журналистердің ұстанатын негізгі қағидалары мен бағыттарын белгілеген «форум тұжырымдамасы» мен аталмыш форум жұмысының басты шешімі ретінде «форум қарарын» қабылдады. Бұл маңызды құжаттар арқылы форумға қатысушылар еліміздегі қалам тербеп жүрген азаматтарға діни тақырыптарда жазу барысында ерекше есте тұтатын этикалық жауапкершіліктерін ескертіп өтті.

Тіршіліктің әр саласының әрбір шағын деталдарына дейін кәсібиленіп кеткен бүгінгі заманда елімізде ЖОО орындарында арнаулы діни журналистер даярлайтын топтар ашу заман талабы десек тура айтқан боламыз.

 

Бақыт Смағұл, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі, ҚМДБ-ның Ақмола облыстық өкілдігінің баспасөз хатшысы:

– Дін тақырыбына жазатын журналистердің республикалық форумы  аса айшықты оқиғалардың бірі болып есте қалды. Бүгінде діни насихат  адамды имани тәрбиелеудің ошағына айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, форумда көтерілген мәселелер қатарында ұлттық құндылықтарды ұлықтау, адамгершілік асыл қасиеттерді насихаттау барынша назар аудартады. Себебі, біз  зайырлы, яғни, діні мемлекеттен бөлек елміз десек те, бұл имансыз мемлекет дегенді білдірмесе керек. Иман болмаған жерде береке де жоқ. Сондықтан,  өскелең ұрпақ санасына ұлттық-діни құндылықтарымызды сіңіре отырып, діни сана қалыптастыруға ден қоюымыз керек.

Міне, дін тақырыбына жазатын журналистердің негізгі назар аударатын бағыты осы болуға тиіс. Жастарымыздың  батыстың бейәдеп мәдениетіне еліктеп кетіп жатқанының астарында осындай келелі насихаттың жетімсіздігі жатыр.

Дегенмен, форум өтті, енді одан әрі не істейміз? – деген сауал да ешкімді бей-жай қалдырмайды. Қазір дін тақырыбына жазатын ат төбеліндей журналистерге үлкен жауапкершілік артылып отыр. Олар желдің өтінде қалған адамның кейпін көз алдыңа келтіреді. Алға жүрсең арба сынады, кері шегінсең өгіз өледінің сипатында жұмыс істеп жатыр. Қоғамдағы кеселдер жайлы ашық та, ашына жазайын десең, тоқтау салатындар көп. Ауыздықсыз болсаң да, жүгенің біреудің қолында.

Бәлкім, ендігі жерде журналистерді тосылтқан бұл мәселелерге қоғам назар аударар. Мүфтият қана емес, мемлекеттік билік те қолдау білдіріп, қамқорлық жасар деген ойдамыз. Ең бастысы, дін тақырыбын жазатын журналистерге еркіндік көбірек керек. Қоғамдағы жан ауыртар жайларға қаламгер ретінде үн қосып, араша түсе алса, бұл жақсылық деп бағалаған жөн. Әзірге бізді тыңдаушылар қарасы көп емес. Аудиториямызды кеңейту үшін қауқар-қабілетімізді де шыңдап, қайрат-қарымызды жани түсуіміз керек. Сонда ғана біздің сөзіміз діттеген жеріне жетеді. Жүздердің жүрегін қозғап, иманға тәрбиелеудің  бір арнасына айналатын болады.

 

Аскерхан Ақтай, ақын, ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша өкілдігінің баспасөз хатшысы:

– Өскеменде өткен республикалық I журналистер форумы осы саладағы, сосын діни  журналистикадағы қордаланған мәселелердің түйінін тарқатты.

Елбасы өз жолдауында діни экстремизмді әлеуметтік желіде жарнамалаудың алдын алуға қоғамдық ұйымдардың үлес қосуын тапсырған болатын. Қоғамдық ұйым ретінде қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен аймағы өкілдігі маңызы зор осынау жиынды ұйымдастырды.

Бұл форумда мемлекеттің қауіпсіздігі мен ел іргесінің бүтіндігін бекемдеуде  БАҚ-тың рөлі орасан зор екендігі айтылды.

Адам санасына ең алдымен адамгершілік құндылықтардың берік орнығуынан отаншылдық, мемлекетшілдік қасиет  қатарлы құндылықтар қалыптасады десек, қателеспейміз.

Бұл форумда ұлттық құндылықтарды, салт-санамызды ислами құндылықтармен қоса исламдағы зайырлылықпен ұштасыра отырып БАҚ-та үздіксіз насихатауға үндеді.

Форумның басқа да жиындардан өзгерек болуының себебі де осы деп ойлаймын.

 

Бақытбек Қадырұлы, Астана қаласы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметкері, sunna.kz порталының журналисті:

– «Адамгершілік құндылықтарды насихаттауда БАҚ-тың рөлі» атты І республикалық журналистердің форумы өтті дегенді естіп, жалпы журналистика саласының майталман мамандарының көкейінде «бұл жиында біз неге жоқпыз» деген сұрақтың туындағаны заңды.

Елдің өркениеті етек жайып, мәдениеті қарыштап дамыған сайын әр ғылым өзіншінше өрістей түссе керек. Соның айғағы ретінде қазақ журналистикасына тағы бір сала қосылды. Ол – діни журналистика, яғни адамгершілік құндылықтарды насихаттайтын сала. Журналистика мамандығының салаланып, дамып отыруы үздіксіз үрдіс. Әр саланың өзіне тән ерекшеліктері секілді, діни журналистиканың салаланып шығуы – әлбетте, бүгін болған іс емес. Ел егемендік алғанан бері «Ислам және өркениет» газеті, «Иман» журналы т.б. көптеген басылымдар бұл сөзіміздің куәсі. Ал, діни журналистиканың бүгінгі заманға сай дамуы ҚМДБ-на қарасты еліміздегі барлық ресми инетернет порталдары арқылы өркендеп келеді. Біз, аталмыш форум барысында қазақ журналистикасынның ішінен, діни журналистиканың салаланып, дараланып шыққанына әбден көз жеткіздік. Және оның қалай дамуы, өзіндік ерекшеліктері, этикасы туралы тың критериилермен таныстық. Дін тақырыбы аса тартысты, күрделі әрі ең маңызды сала. Бұл салада еркін қалам тербеу үшін көп дайындық қажет екенін ұқтық. Журналистиканы білу өз алдына, діни сауатты да талап етеді.

Бұл форум – діни журналистиканың тұңғыш жиыны. Яғни, тарихи сәт. Қазақ журналистикасы тағы бір саламен байи түсті. Алланың бір есімі – әл-Қалам! Қаламымызға адал болайық, құрметті әріптестер!

 

Ақерке БЕКҚҰЛОВА, ҚМДБ-ның Жамбыл обылстық өкілдігінің баспасөз хатшысы, hibatulla.kz сайтының редакторы:

– Түрлі ағымдар етек жайған бүгінгі ақпарат заманында төл мазһабымыз, дәстүрлі дініміз жайлы дұрыс ақпарат беру, ата-бабамыздың ұстанған дінін қаралаушыларға тосқауыл болып, оқырманның рухани байлығына азық сыйлау, адамгершілік асыл құндылықтарды насихаттау біздің басты мақсатымыз. Бұл жауапкершілігі мол міндетті атқаруда дінижурналистиканың орны ерекше. Жұмысты одан әрі дамыту, сапасын арттыру үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының әр өкілдіктен келген баспасөз қызметкерлері бас қосқан бұл форум тәжірибе алмасуға үлкен сектігін тигізді.

Біз аталған жиында редакциялаудың қыр-сырларын үйреніп, мақала, ақпарат жазудағы басты қағидаларға тоқталдық. Дұрыс діни мәліметті халыққа жеткізудің ұтымды жолдары, сайттың жұмысын қалай жақсартуға болатыны сарапқа салынып, адамгершілік құндылықтарды БАҚ арқылы насихаттауды кең, ауқымды, тың тәсілдермен байыту әдістері қарастырылды. Өскемен қаласының жергілікті журналистері де өз ойларын жеткізіп, түрлі ұсыныстар қабылданды. Форум қызметімізге үлкен ықылас сыйлап, ойымызға ой қосты. Осындай жиындар жиі болып тұрса, «Көп түкірсе көл» демекші, дін насихатында жақсы жетістіктерге жетеріміз сөзсіз.

 

Материалды дайындаған:

Оразбек САПАРХАН

Sunna.kz порталының редакторы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.