Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 05:25
  • Күн 06:54
  • Бесін 13:24
  • Екінті 17:45
  • Шам 19:45
  • Құптан 21:15
  • 29
  • наурыз

    сәрсенбі

  • 1
  • Раджаб

    1438

Ерсін ӘМІРЕ: ТАҒДЫРҒА ИМАН КЕЛТІРУ

  • 306
  • 0
  • 22.02.17

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Бәрімізге белгілі Жебірейілдің хадисінде сүйікті Пайғамбарымызға қойылған сұрақтардың бірі «Иман не?» деген сұрақ еді. Оған Пайғамбарымыз: «Иман дегеніміз – Аллаға, Оның періштелеріне, елшілеріне, кітаптарына, қиямет қайымның болатындығына және тағдырдың жақсылығы мен жамандығының жазылғандығына иман келтіру», – деп жауап берді. Бүгінгі тақырыбымыз иман шарттарының бірі «тағдырға сену» мәселесіне арналмақ. Ақида ілімінде тағдыр мәселесі «әл-қада уә әл-қадар» деген атау алған. «Әл-Қада» деп Алланың аспан, жерді жаратпастан бұрын қияметке дейін болатын бүкіл істі жазуын атаса, «әл-қадар» деп сол жазылған дүниелердің уақыты келгенде көрініс табуына айтылады.  Ислам ғалымдары адамның тағдырын ерікті және еріксіз тағдыр деп екіге бөледі. Адамның еркінен тыс тағдырға оның қай елде, қандай отбасыда туылуы, еркек немесе әйел болуы, қай ұлттың өкілі болуы, ауруға шалдығуы, апатқа ұшырауы т.б. нәрселер кіреді. Мұның барлығы адам баласы жаратылмай тұрып Ләухул махфузда жазылып қойылған. Жоғарыда аталған нәрселер пенденің еркінен тыс, оған таңдау берілген дүниелер болмағандықтан, пенде Алланың алдында аталмыш дүниелерге қатысты жауапқа тартылмайды. Яғни Алла тағала оған «не үшін қазақ немесе араб болып туылдың, не үшін қыз болып туылдың, не үшін ауруға шалдықтың» деген сұрақтар қоймайды. Өйткені бұл дүниелер адамның өз еркімен таңдап алған нәрселері емес. Адам тағдырының ерікті түріне – оның иманға келу-келмеуі, Алланың бұйрықтарына бойсұнып немесе қарсы келіп өмір сүруі, басына түскен қиыншылықтарға сабыр етуі, жақсылықтарға шүкіршілік етуі, тұрмыстық жағдайына разы болуы секілді пендеге таңдау берілген тұстары кіреді. Алайда тағдырдың бұл екі түрі де Алланың құзырында жазылып қойылған. Яғни адамның ұл немес қыз, қазақ немес араб болып дүниеге келуі жазылғандай оның ізгі немесе жаман болып өмір сүруі, қай халде өлуі, сондай-ақ жұмақтық немесе тозақтық болуы да жазылған. Осы жазылған дүниелер пенде анасының құрсағында төрт айлық болғанда тағы да расталып, бекітіледі. Оған ардақты Пайғамбарымыздың мына хадисі дәлел болады:

إن أحدكـم يـجـمـع خلقـه فـي بطــن أمـه أربعيــن يومـا ثـم يكـون فـي ذلـك عـلـقـة مثـل ذلـك ثـم يكـون فـي ذلـك مـضـغــة مثـل ذلـك ثـــم يرســل المــلـك فـيـنـفـخ فيـه الروح ويـؤمـر بـأربـع كلـمــات بكـتـب رزقـه وأجــلـه وعمله وشـقـي أو سـعــيـــد. متفق عليه

Абдулла ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) былай деді: «Сендердің әрбіріңнің ана құрсағында жаратылуларың қырық күннен тұрады. Ұрық алдымен (қырық күнде) тамшы, (қырық күнде) ұйыған қан, сонан соң (келесі қырық күнде) кесек ет болады. Осыдан кейін ана құрсағындағы балаға періште жіберіледі де, ол балаға жан беріп, төрт нәрсені белгілейді:1) ризығын; 2) қанша өмір сүретінін; 3) істейтін амалын; 4) бақытты не бақытсыз болатынын». Бухари мен Муслимнің риуаяты.

Кейбір адамдар осы және осыған ұқсас «әр бір пенденің тозақтағы немесе жұмақтағы орны белгілі» деген мағынадағы хадистерді оқығанда «менің амалым, жұмақтық яки тозақтық екенім жазылып қойылған болса, несіне әуре болып амал етемін? Мен жұмаққа қанша тырыссам да тағдырымда тозақтық деп жазылған болса соңында бәрібір тозаққа түсемін ғой. Ал егер жұмақтық деп жазылған болса қанша күнә істесем де соңында жұмаққа кірмеймін бе? Онда амалдың қажеті жоқ!» деген шайтани азғыруларға еріп, малғұнның тұзағына түсіп қалып жатса, енді біреулер әдейілеп осы хадистерді амалға шақырғандарға қарсы өздеріне құжат еткісі келеді.

Мұндай күмәндарға Ислам ғалымдарының жауабы: Тағдырға иман келтіру Алланың білім сипатына, білуші деген есіміне иман келтіру болып табылады. Алла тағала он сегіз мың ғаламды жаратпай тұрып,  оның жағдайын білді. Хақ тағала қияметке дейін болатын шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа, масалардың санын да, қанша тамшы жаңбыр жауатынын да, қанша тал өсіп қанша жапырақтың үзіліп түсетінін де біледі. Алланың білімі шексіз. Шексіз білім иесі болған Алла тағала қанша тамшы жаңбыр түсетінін білгендей пенделерінің өзі тарту еткен таңдау құқығын пайдалана отырып қандай жолды таңдайтындықтарын да білді. Сол білімнің негізінде пенделердің тағдырын жазды. Демек Алла тағала Өз құлдарына тозақ иелерінің немесе жұмақ  иелерінің амалдарын мәжбүрлеп істеткендіктен емес, керісінше, пенделердің Алла тағала берген таңдау құқығын пайдалана отырып қандай таңдау жасайтындығын білгендіктен, олардың тағдырын жазды. Сол үшін имамдарымыз кітаптарында төмендегі қағидаларды шегелеп, бекітіп кеткен:

الــعــلــم صــفــة كــاشـفة وليســـــت مؤثرة

Бірінші қағида: «Алла тағаланың білім сипаты әсер етуші сипат емес, анықтаушы сипат». Мысалмен сөзіміз түсінікті болар: Сіз қараңғы бөлмеге кірдіңіз делік. Бөлме қараңғы болғандықтан сіз онда не бар екендігін білмейсіз. Бөлмеде не бар екендігін білу үшін жарықты жағасыз. Қарасаңыз бөлменің оң бұрышында тоңазытқыш, сол бұрышында кітап сөресі, жанында телевизор, терезенің алдында гүл тұр екен. Енді сізге сұрақ. Тоңазытқышты бөлменің оң бұрышына, кітап сөресін сол бұрышына қойған электр жарығы ма? Электр жарығының бөлмедегі заттардың орналасуында атқарған рөлі, тигізген әсері бар ма? Әлбетте, жоқ. Ондай болса бұл мысалымызда электр жарығының қызметі не? Міндетті түрде сіздің жауабыңыз «электр жарығының қызметі – бөлменің ішін жарық қылу» болмақ. Ендеше, Алла тағаланың сіздің қандай таңдау жасайтындығыңызды алдын-ала білуі сізді мәжбүрлеп кәпір немесе мұсылман, бойсұнушы немесе пасық ету дегенді білдірмейді. Осыған ұқсас екінші қағида:

الـــعلــم يـتـبـع المعلـــــــــوم 

«Мәлімет мәлімет нысанасына, ал мәлімет нысанасы мәліметке тәуелді емес». Қағиданы анықтай кетсек. Сізде өзіңізді қоршаған ортаға байланысты мәліметтер бар. Мысалы: «от күйдіреді, қардың түсі ақ» т.б.с.с. мәліметтер. Енді сізге сұрақ: «Қарды ақ, отты күйдіретін еткен сіздің «қардың түсі ақ, от күйдіреді» деген мәліметіңіз бе әлде қардың түсі ақ, от күйдіретін болғандықтан сізде «қардың түсі ақ, от күйдіреді» деген мәлімет пайда болды ма? Жауабыңыз міндетті түрде «қар ақ болғандықтан, от күйдіретін болғандықтан менде соған жараса мәлімет пайда болды» болмақ. Ендеше Алла тағаланың сіздің қай жолды таңдайтындығыңызды алдын-ала білуі және сол біліміне жараса тағдырыңызды жазуы – сізді мәжбүрлеу емес. Сол  үшін де Абдуллаһ ибн Омарға бір кісілер: «Уа, Әбу Абдуррахман! Бағзы біреулер арақ ішіп, зина жасап, кісі өлтіріп, соңында «бұл істеріміздің барлығы Алланың білімінде бар (демек тағдырымызда бар). Бар нәрседен қашып құтыла алмаймыз» дегенді айтады. Осыған не дейсің?» – деген сұрақ қойғанда Абдуллаһ ибн Омар қатты ашуланып: «Субханаллаһ! Алланың білімінде олардың сол істерді істейтіндігі бар. Алайда Алланың білімі оларға соны істеткен жоқ. Алланың білімі сендерді көлеңкелеп тұрған аспан, көтеріп тұрған жер тәрізді. Жер мен аспанның арасынан шығып кете алмағандай Алланың білімінен де шығып кете алмайсыңдар. Аспан мен жер сендерді күнәні істеуге мәжбүрлемегендей Алланың білімі де сендерді күнә істеуге мәжбүрлемейді. Күнә істеп,алайда істеген күнәсі үшін өзін кінәлаған адам  күндіздері ораза тұтып, түндері тәһәжжудке тұрып жүріп «күнәні пендеге Алла істетеді» деген адамнан әлдеқайда қайырлы», – деп жауап берген[1]. Имам Нәуәуи Сахих Муслимге жазған шархында тағдырға қатысты имам Хаттабидің «Көптеген адамдар тағдырды «Алланың жазылған нәрсені орындауға пендені мәжбүрлеуі» – деп қате түсінеді. Мәселе олар ойлағандай емес. Тағдырдың ақиқаты – ол Хақ тағаланың пенделердің ісін алдын ала білетіндігі және біліміне сәйкес жазғандығы жайында хабар беруі және істердің соған сәйкес келуі», – деген сөздерін жеткізген[2]. Жоғарыда айтылған екі қағидаға өмірден мысал келтіре кетсек. Бір университетте оқитын екі студент бар делік. Бірі үздік оқиды, екіншісі жалқау. Бір күні ол екеуінің оқу үлгерімінен хабардар бір мұғалім олардан емтихан алуды ұйғарады. Үздік студент емтиханды беске тапсырады да жалқау студент екі алып, емтиханнан құлайды. Емтиханнан соң әлгі тәжірибелі мұғалім ол екеуіне: «сенің бес алатыныңды, ал сенің болса екі алатыныңды біліп едім. Сол үшін алдын-ала саған бес, ал саған екі қойып қойдым. Жағдайларың емтиханға кірмей тұрып белгілі еді», – десе, сонда жалқау студент бұлданып-долданып оған: «Менің екі алатынымды біле тұра не үшін емтихан аласың? Сен мені емтиханнан құлатқан. Мен өздігімнен құлаған жоқпын, сен мені құлатқан», – деп жауап қатса жауабы ақылға сыйымды бола ма? Он-он бес жылдық тәжірибесі бар мұғалім қай студенттің қандай баға алатындығын біле алса, білімі шексіз болған Хақ тағала пенделерінің не істейтіндігін қалайша білмеске? Тағдыр дегеніміз – Алла тағаланың пенделердің ісін алдын-ала білуі және соны жазуы ғана. Пенде кез келген істі істеуде ерікті. Ол үйінен шыққанда оңға бұрылып мешітке бара алады немесе солға бұрылып түнгі клубқа бара алады. Әрбір адам мұны жақсы біледі. Адамды былай қойғанда ит екеш ит те адамның ерікті екенін біледі. Сол үшін де сіз бір итке тас атсаңыз ол ит өзіне тиген тасқа емес, тасты атқан сізге шабады. Өйткені ол сіздің ерікті екеніңізді ал таста ешқандай еріктің жоқтығын жақсы біледі. Демек Алла тағала ешкімді мәжбүрлеп кәпір еткен жоқ, ешкімді мәжбүрлеп мұсылман еткен жоқ. Әркім өз жолын өзі таңдайды.Алла тағала «Кәһф» сүресінің 29-аятында:

فَـمَـنْ شَــــاءَ فـَلـْيـُؤْمـِنْ وَمـَنْ شَــــاءَ فـَلـْيـَكـْفــُرْ

«Кім қаласа иман келтірсін, кім қаласа кәпір болсын», –десе, «Инсан» сүресінің 3-ші аятында:

إِنّــَا هَـدَيـْنــَاهُ السـّـَبـِيـلَ إِمــَّا شَــاكــِرًا وَإِمــَّا كَـفــــــُورًا

Расындаоған тура жол көрсеттік. Мейлі шүкірлік қылсын, мейлі қарсы келсін.Тағы бір аятта:

أَلَــمْ نـَجـْعـَلْ لـَهُ عـَيـْنـَيـْنِ. وَلِـسَـانـًا وَشَـفـَتـَيـْنِ. وَهَــدَيْنـَاهُ الـنَّـجـْدَيــْنِ

«Оған екі көз жаратпадық па? Әрі бір тіл, екі ерін? Оған екі жол көрсетпедік пе?» – делінген (Бәләд, 8-10).

Тағдырды желеу етіп намаз, ораза, зекетті тастаушылар сырқаттанып қалса «намаз оқымау тағдырымызда жазылғандай сырқаттану да жазылған ғой» – деп үйінде жата берместен не үшін ауруханаға қарай жүгіреді? Олардың түсінігіне салсақ намазды оқыттырмаған Алла ауруды да берді емес пе?! Ендеше, неге олар құлшылыққа, харамнан тыйылуға келгенде тағдырды желеу етеді де ауыра қалса лезде ем іздейді?! Бір қылмыскер жақынын өлтірсе неге онымен соттасады? Сауапты мәжбүрлеп істеткен Алла күнәні де дәл солай істетпеді ме? Ақиқатында, Алла тағала ешкімді ешқандай амалға мәжбүрлемейді. Мұны әрбір ақыл иесі жақсы біледі. Алла елшісі он сахабаны көзі тірісінде жұмақпен сүйіншілегенде олар: «Жұмақтық екеніміз анық болды. Амал етіп не істейміз?» – деп құлшылықтарын тастап кеткен жоқ. Өйткені олар тағдыр ешкімді жұмақтық темесе тамұқтық етпейтіндігін жақсы білді. Біле білген адамға тағдыр амалды тастауға желеу емес, алаңдамай, харамға ұрынбай, адалдан кәсіп етіп, құлшылығын орындап өмір сүруге демеу болуы тиіс. Тағдырға дұрыс иман келтірген адам рахат өмір кешеді. Өйткені ол рызқы үшін алаңдап, жүйкесі жұқармайды. Рызықтың өлшеулі екенін біледі. Жұмыста қысқартуға ұшырап қалса ол үшін өмірден түңілмейді. Өйткені ол Алла сексен жыл өмір берген болса, сексен жылдық рызқы қамтамасыз етілгенін жақсы біледі. Тағдырға дұрыс иман келтірген адам басқаларға жалтақтап, олардан қорқып өмір сүрмейді. Өйткені тағдырда бар нәрседен қашып құтыла алмайтындығын, тағдырда жоқ нәрсеге ешқашан кезікпейтіндігін біледі. Сүйікті Пайғамбарымыз Ибн Аббасқа өсиет еткендей:

وَاعْـلـَمْ أَنَّ الْأُمَــّةَ لَوْ اجْتَمَعَــتْ عَلَى أَنْ يَنْفَعـُوكَ بِشَـيْءٍ لَـمْ يَنْفَعُـوكَ إِلَّا بِشَـيْءٍ قَدْ كَتَبـَهُ اللَـّهُ لـَكَ وَلَوْ اجْتَمَعُـوا عَلَى أَنْ يَضُرُّوكَ بِشَيْءٍ لَمْ يَضُرُّوكَ إِلَّا بِشَيْءٍ قَدْ كَتَبـَهُ اللَّـهُ عَلَيْـكَ رُفِعَــتْ الْأَقــْلَامُ وَجَفَـّتْ الصُّحُـفُ. رواه الترمذي

«Біл! Бүкіл үмбет бірігіп саған бір пайдасын тигізбекші болса, Алла жазған пайданы ғана тигізе алады. Сондай-ақ  барлығы бірігіп саған бір зиян келтірмекші болса, Алла жазған зиянды ғана келтіре алады. Қаламдар жазудан тоқтап, парақтар кеуіп кеткен».

Мұны сезінген адам рахатта өмір сүреді. Ендеше тағдырға илану бізді жарқын өмірге жетелейтін, бізге позитив сыйлайтын, күш беретін фактор болуы тиіс.

Тағдырға қатысты айта кететін тағы бір мәселе – ол тағдырға қатты үңілудің шариғатта құпталмайтын іс екендігі. Имам Жағфар ас-Садық:

إن الله سبحانه وتعالى أراد بنا شيئا وأراد منا شيئا. فما أراده بنا طواه عنا وما أراده منا أظهره لنا. فما بالنا نشتغل بما أراده بنا عما أراده منا؟

«Алла тағаланың бізге қалағаны (жазғаны) бар әрі бізден қалағаны (талап) еткені бар. Қалағаны – тағдыр, талап еткені – шариғат. Бізге қалағанын, яғни тағдырды, сыр етіп қалдырды. Бізден қалағанын (талап еткенін) білдірді. Неліктен бізден қалағанын тастап, бізге қалағанына бас қатырамыз?» – деген. Имам Әбу Жағфар әт-Тахауи өзінің ақидаға арналған әйгілі мәтінінде: «Негізі тағдыр Алла тағаланың жаратылыстарындағы сыры. Оны Құдайға жақын болған періште де, жіберілген елші де білмейді. Оған терең үңілу, зерттеу сәтсіздіктің жолы, мақұрым қалудың баспалдағы, шектен шығудың қадамы. Сондықтан бұл мәселе жайлы зерттеуден, ойланудан, азғыруға ұшыраудан аса абай болу қажет. Өйткені Алла тағдыр білімін жаратылыстарынан жасырды, оны білуге құштар болуға тыйым салды. Алла Тағала Кітабында: «Ол (Алла тағала) не істегені жайлы сұралмайды, керісінше, олар (жаратылысы) сұралады», – деген (Әнбия, 23). Сондықтан кім «Мұны Ол (Алла) не үшін істеді» деп сұрайтын болса, ол Кітаптың (Құранның) үкімін терістегенмен тең болады. Ал кімде-кім кітаптың үкімін терістесе, кәпірлерден болады», – деген[3].

Тағдырға қатысты тағы бір маңызды мәселе – ол тағдырға разы болу мәселесі. Тағдырға разу болудың үкімі қандай? Ислам ғалымдары: «тағдырға разы болу – мустахаб, ал оған сабыр қылу – уәжіп», – деген. Разы болу – болған іске іштей келісіп, басқаша болуын қаламау, таңдауды Аллаға қалдыру дегенді аңғартады.Тағдырға разы болған пенденің басына бір қайғы түссе, оны күлімсіреп қарсы алады, «басқаша болғанда еді» деген ойда болмайды, «Алланың таңдағанында хайыр бар» дейді. Сабыр қылушы адам болса іштей қынжылып-қиналады, істің басқаша болғанын қалайды. Мысалы, баласы қайтыс болса, «қайтыс болмағанда еді» деген ойда, «тағы да өмір сүргенде еді» деген арманда болады, алайда ешқандай күпірлік, наразылық сөздерін айтпайды, керісінше, «Алла берді Алла алды. Барлығымыз Алланың құзырына қайтамыз» деген сөздерді айтады. Тағдырға разы болу әрбір пенденің қолынан келе бермейтін, жету қиын болған бір мақам болғандықтан Алла тағала оны пенделеріне уәжіп еткен жоқ. Құранда айтылғандай Алла тағала құлына шамасы келмейтін істі жүктемейді. Басқа түскен қайғы-қасіретке сабыр ету әрбір пенденің қолынан келетін іс. Сондықтан асыл дініміз тағдырға разы болуды мустахаб етті де оған сабырлық етуді уәжіп етті.

Сөз соңында Алла тағаладан айтылған уағыз-насихатқа амал етушілерден етуін сұраймыз. Хақ тағала баршамызды тағдырға толықтай иман келтірген, келтірген имандары өздеріне күш-қуат болған, бастарына түскен қиыншылықтарға сабыр ете білген құлдарынан етсін. Жаратушы Жаббар иеміз баршамызға пайдалы білім нәсіп етсін. Білгендерімізбен амал етіп, амалдарымыздың қабыл болуын нәсіп етсін. Әумин! 

 Ерсін ӘМІРЕ



 المنية والأمل في شرح كتاب الملل والنحل. أحمد بن يحيى بن المرتضى اليماني. ص 25-26[1]

 المنهاج للإمام النووي 1/ 154[2]

[3]Таным тұғыры, 45-46 б.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.